Облыс әкімі Н. Нәлібаевтың құрылысшылар
және көлік қызметкерлері күніне арналған
шарада сөйлейтін сөзі
Орталық стадион, 2024 жылғы 16 тамыз
Қадірлі жерлестер!
Құрметті қала қонақтары!
Құрметті Сыр құрылысшылары мен көлік саласының қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Құрылысшылар күні және Көлік қызметкерлері күнімен барша Сыр жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі мерекелік шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген мәртебелі меймандар мен белді құрылысшылар, сала ардагерлері арнайы қатысуда.
Құрметті қонақтар!
Алты Алашқа ана, барша жұртқа пана болған, қойнауы тарихқа толы киелі Сыр өңіріне қош келдіңіздер!
Сыр елі Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауының арқасында қарқынды құрылыс алаңына айналды.
Биылғы жылы құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіші бойынша республикада үздіктер қатарында келеміз.
Құрылысы қарымды елдің экономикасы қай уақытта да қуатты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, құрылысшылардың жасампаз еңбектерінің арқасында халықтың әл - ауқатын арттыруға мүмкіндік мол.
Аймағымыздың ажарын айшықтап, сәулетіне сән қосатын, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін құрылыс индустриясын дамытуда құрылысшыларымыздың үлесі орасан зор.
Құрметті жерлестер!
Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңгені құраса, бүгінде бюджет көлемі 733 млрд. теңгеге жетті.
101,4 пайызға өсім бар.
Оның ішінде құрылыс саласына мемлекеттік бюджет есебінен барлығы 133 млрд. 400 млн. теңге қаржы бөлінді. Қаржыландыру көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда 5 есеге артты.
Облыс бойынша биылғы жылы 187 жобаның құрылысы жүргізілуде.
Мемлекеттік қолдау мен Ұлттық жобалар аясында биылғы жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен өңірімізде 869 мың 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.
Осылайша, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті.
Мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 млрд. 100 млн. теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі.
Өңірде жыл басынан бері 750-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады.
Ерекше атап өту қажет, өткен жылдан бастап қаламызда жаңадан 7, 9, 12 көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Өткен жылы өңірде «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары ашылды.
Биыл 1000 орындық «Өнер», жылына 8 мың донацияға арналған «Қан» орталықтарының жаңа ғимараттары пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде.
2025 жылғы тамыз айында ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен қызылордалықтардың арманына айналған бас шаһарды ыстық сумен қамтамасыз ету оң шешімін тапты.
Қаламыздағы 623 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Жоба құны 26 млрд. 200 млн теңге.
Биыл көпқабатты тұрғын үйлердің 50 пайызын ыстық сумен жабдықтау үшін Үкімет резервінен 11 млрд. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қаламыз 2025 жылғы жылу беру маусымында толық ыстық сумен қамтамасыз етіледі.
Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны
13 млрд. 200 млн. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары салынуда. Жаңа ғимараттар жыл аяғында пайдалануға беріледі.
Сол жағалаудан құны 1 млрд. 800 млн. теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының құрылысы жүргізілуде.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде биыл 10 мектеп салынуда.
Сол жағалаудағы 900 орындық «Жайлы мектеп» жақын арада пайдалануға беріледі.
Тағы 11 мектептің құрылысы басталады.
«Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде.
Алдағы жаңа оқу жылының 2 тоқсанында пайдалануға беріледі.
Облыс орталығында құны 10 млрд. 900 млн. теңгеге «Шығармашылық академиясы» салынуда.
Өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 16 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Биыл 11 медициналық нысан жыл соңына дейін табысталады.
Қызылорда қаласында құны 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде.
Жаңақорған және Арал аудандарында ауылдық аурухананың құрылысы жүруде, жыл соңына дейін ел игілігіне табысталады.
Халықаралық стандарттарға сай 10 000 орындық Орталық стадион (20,9 млрд.теңге) және жабық бассейні бар көп салалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (6,8 млрд.теңге) құрылысы салынуда. Келесі жылы пайдалануға беріледі.
«Самұрық Қазына Траст» қорымен бірге құны 2 млрд. 700 млн. теңге болатын Үстел теннисі орталығының құрылысы қарқынды жүруде.
Ғимарат қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
Осындай игі істердің жалғасы ретінде Қызылорда қаласында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы жақын күндері басталады.
«ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен құны 2 млрд. 350 млн. теңгеге 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуға жақын. Нысан жаңа оқу жылына дейін ел игілігіне табысталады.
«Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен құны 4 млрд. 800 млн. теңгені құрайтын Музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда.
Жерлесіміз, меценат Асқар Әубәкіровтың қолдауымен 1 млрд теңгеге Қызылорда қаласының орталық алаңы қайта жаңғыртудан өтті.
Қадірлі жерлестерім!
Бұл – құрыш қолды құрылысшыларымыздың қолы тиген жұмыстардың бір бөлшегі ғана.
Аймақтың дамуына серпін беретін жол – көлік инфрақұрылымы саласында да ауқымды жобалар жүзеге асуда.
Бұл салада да өз ісін жетік білетін мамандар еңбек етуде.
Өткен жылы аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы көптің көкейінде жүрген «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына дейінгі аумағын төрт жолақты жолға айналдыруға қатысты тарихи шешім қабылдады.
Қазіргі таңда сметалық құжаттары әзірленуде.
Жоба 2024 жылдың төртінші тоқсанында басталады деп күтілуде.
Қоғамда жиі қозғалған «Қызылорда-Жезқазған» автожолы Президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртудан өтуде. Жоба құны 108 млрд. 500 млн теңгені құрайды.
Қазіргі кезде Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталды.
Облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі cоңғы 2 жылда 82 пайыздан (2022 ж.) 87,5 пайызға (2023 ж.) жетті.
Биыл аймақта 43 млрд. теңгеге 300 шақырымнан аса жол жөндеуден өтеді.
Облыс орталығында Әуежайдан – Бибарыс көшесіне дейінгі аралық, қаланың Шиеліден кіре беріс жолы, қаланың магистралды Яссауи, Жаппасбай батыр көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы (С.Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейін) төртжолақты болып кеңейтілуде.
Бұдан бөлек, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы арқылы «Қызылорда-Құмкөл» автомобиль жолы қайта жаңғыртылады.
Жанқожа батыр көшесінен темір жол асты көпірінің құрылысы жүруде. Құны 4,7 млрд теңгені құрайды.
Осылайша, жыл аяғына дейін жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асатын болады.
Қызылорда қаласында құны 975 млн. теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға берілді.
Жерлесеміз «Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен құны 16 млрд. 600 млн. теңгеге Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы құрылысы аяқталды. Жақын арада ел игілігіне табысталады.
Облыс орталығы - Қызылорда қаласындағы қоғамдық көлік мәселесін шешу бағытында 300 дана заманауи үлгідегі автобус алынып, автобус паркі 100 пайызға жаңартылды.
Қала тұрғындарына төмен бағада қызмет көрсету мақсатында құны 1 млрд. теңгеге 100 дана экотакси алынуда.
«Қазақстан Темір Жолы» компаниясы және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен құны 577 млн. теңгеге Темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өткізілді.
Вокзал аумағы абаттандырылып, жаңадан жарық шамдар орнатылды.
Дәл осылай аудандардағы барлық Темір жол вокзалдары күрделі жөндеуден өтетін болады.
«Қызылорда-Семей» бағытындағы жолаушылар пойызына замануи үлгідегі 44 жаңа вагон сатып алынып, халыққа қызмет көрсетуде.
Қадірлі қонақтар!
Құрылыс, көлік саласында қызмет ету – бұл жай ғана мамандық емес, елге қызмет ету.
Салада қолға алынған әрбір игілікті істе жаздың аптап ыстығы мен қыстың қаһарлы суығына қарамайтын құрылысшыларымыздың қолтаңбасы мен көлік қызметкерлерінің адал еңбегі бар.
Құрметті Сыр құрылысшылары және
көлік саласының қызметкерлері!
Өңірде құрылыс, жол - көлік саласындағы ауқымды жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуына Сіздер зор үлес қосып келесіздер.
Әрбір отбасы ошағының қалануына және халықтың жайлы өмір сүруіне себепкер болып, адал еңбектің озық үлгісін көрсетіп жүрген Сіздер қандай құрметке де лайықсыздар.
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!