Құрметті қызылордалықтар!
Қадірлі жерлестер!
Қазір елімізде тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері оң шешімін тауып келеді.
Соның бірі – баспанаға мұқтаждықты жою. Қай отбасының да басты мақсаты, аңсаған арманы – үйге кіріп, өз алдына жеке баспаналы болғанды көздейді.
Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді.
Зәулім ғимараттар бой көтеріп, шаһардың сәулеттік келбеті көркейе түсті.
Облысымызда соңғы үш жылда жалпы ауданы 315,4 мың шаршы метрді құрайтын 3 мың 827 пәтерлік 172 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.
Биыл мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына
9,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, бұл қаражатқа 32 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.
Алдағы уақытта облыс бойынша тұрғын үй құрылысы көлемін одан әрі ұлғайтып, 3 жылда көлемі 2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл бойынша салалық министрліктермен жұмыстар жүргізілуде.
Келесі жылы облысымыздың бас шаһарында жалпы құны шамамен 17 млрд. теңгені құрайтын 23 тұрғын үй ел игіліне табысталып, барлығы 1100 отбасы өз пәтер кілттерін алатын болады.
Әрине, кезекте тұрған отбасыларды (33 552 адам) бір мезетте тұрғын үймен қамту мүмкін емес. Алдағы уақытта бұл мәселелерді кезең-кезеңімен санаттарына қарай шешілетін болады.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өткен аптада апатты жағдайда деп танылған 60 отбасыға пәтер кілтін табыстап, қуаныштарымен бөлістік.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында тапсырылатын үйлермен қатар, жыл сайын апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің тұрғындарына арналған баспаналардың құрылысы да қатар жүргізіліп келеді.
Бүгін міне, игі бастаманың жалғасы ретінде тағы да 50 жанұяға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстаудамыз.
Берекелі бастама жоспарға сай аяқталып, кезектілікке сәйкес жерлестерімізге беріледі.
Осындай сапалы да, жайлы үйдің құрылысын жүргізген
«Орион LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шын жүректен алғыс білдіремін.
Құрметті жерлестер!
«Үйі бардың – күйі бар», - дейді дана халқымыз.
Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, ұрпақтарыңыздың ортасында қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын!
«Үй баласымен базарлы, қонағымен ажарлы».
Жаңа пәтерлерде қонақтар тек қуаныш пен шаттықта бас қосып, бүлдіршіндердің сыңғырлаған дауысы мен тәтті күлкісі естіліп жүрсін.
Әрбір шаңырақта шаттық орнап, берекесі арта берсін!
Қоныс құтты болсын, ағайын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Келе жатқан Жаңа жыл тағы да құтты болсын!