
Қызылорда қаласындағы «Президент саябағында» Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5547 әскери бөлімінің 200 жас сарбазының әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті.
Әскери ант – әрбір әскери қызметші үшін Отанға адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын бұлжытпай орындауға, елдің тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға берілетін қасиетті серт.
Бұл рәсім жас жауынгерлердің әскери өміріндегі ең маңызды әрі жауапты кезеңдердің бірі.
Салтанатты іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары
Б. Жаханов, облыс прокуроры Р.Ожаров, әскери проркурор Р.Снопов және сала ардагері С.Ршауов, әскери бөлімнің басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері, жас сарбаздардың ата-аналары қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, сарбаздар салтанатты сапқа тұрғызылып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді.
Жас сарбаздардың әскери ант қабылдауы – олардың ел алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқаруға берген серті ғана емес, әскери қызмет жолындағы жаңа белестің бастауы. Мұндай рәсімдер жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін нығайтуға ықпал етеді.
Рәсім аясында құрметті қонақтардың құттықтау сөздері айтылды. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары әскери қызметте үздік нәтиже көрсеткен 10 жас сарбазға облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.
Шара барысында қонақтарға әскери бөлімнің қару-жарағы мен арнайы техникалардың көрмесі таныстырылып, әскери қызметтің ерекшеліктері көрсетілді.
Салтанатты рәсім патриоттық рухтағы мерекелік концертпен жалғасып, жергілікті өнерпаздар көпшілікке отансүйгіштік тақырыбындағы шығармаларды ұсынды.