Жер кодексіне енгізілген жаңа түзетулер

Жер кодексіне енгізілген жаңа түзетулер

Жер кодексіне енгізілген жаңа түзетулер

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 13 мамырдағы № 39-VII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы (бұдан әрі – Заң) шеңберінде Жер кодексіне жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын бірқатар түзетулер енгізілді.

 

Шетелдіктер мен басқа тұлғаларға жер беруге тыйым салу

Заңға сәйкес шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды.

 

Шаруа немесе фермер қожалығын, жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу, орман өсiру, бақ шаруашылығы және саяжай құрылысы үшiн берiлген жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын адамның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде меншiк құқығы, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Жер кодексінің 66-бабының нормаларына сәйкес иелiктен шығарылуға немесе қайта ресiмделуге жатады.

 

Осы ретте, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің меншік иесі болып табылатын адамның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде азаматтығы тоқтатылған кезден бастап үш ай ішінде жер учаскесі иеліктен шығарылуға не жергілікті атқарушы органның келісуімен осы учаскенің мемлекеттен (меншік иесінен) сатып алынған жер учаскесі бағасы төлене отырып, мемлекеттік меншiкке қайтарылуға тиіс.

 

Бұдан басқа, шартты жер үлесінің иесі болып табылатын адамның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде, оның жер үлесіне құқықтары тоқтатылды деп есептеледі.

 

Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушылары (акционерлері, мүшелері) құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы кірген кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік құқығы, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығы Жер кодексінің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады.

 

Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушысы (акционері, мүшесі) болып табылатын адамның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік құқығы, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығы Жер кодексінің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады.

 

Қандастардың жағдайы

Қандастар ауыл шаруашылығы жерлерін (шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін) Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана ала алады.

 

Қандастарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бақ шаруашылығы және саяжай құрылысы үшін жер учаскелерін беру уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.

 

Өтпелі ережелер

Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалдау шарттарымен 2016 жылғы 1 шілдеге дейін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы жалдау шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады және жаңа мерзімге ұзартылуға жатпайды немесе Жер кодексінде көзделген уақытша жер пайдалану құқығын тоқтату үшін өзге де негіздер басталғанға дейін қолданылады.

 

Заңның қабылдануына Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев бастамашы болды.

 

Заң 2021 жылдың 24 мамырынан бастап қолданысқа енгізілді.