Бүгін аудандық М. Көкенов атындағы мәдениет үйінде 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай салтанатты шара өткізілді.
Алдымен шараға келген қонақтарға мәдениет үйінің кіре-беріс фойесіндегі тақырыптық көрме таныстырылды.
Әрі қарай шара барысында сөз алған аудан әкімі Мажит Самитов аудан жұртшылығын мерекелермен құттықтап, тылда еселі еңбек еткен бірқатар ардагерлерді «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен наградтады. Сонымен бірге, жаңақорғандықтардың өз Отанымыздың қорғаныстық қабілетін нығайтуға, Қазақстан халқының игілігі мен бейбітшілікті қорғауға лайықты үлесін қосып келе жатқандығына тоқталып, осы бағытта үздік қызметімен елге танылып жүрген бірқатар азаматтарға облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.
Одан әрі салтанатты жиын аудан өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласып, шараға келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.