1 мамыр—Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында “Қазақстан - татулық мекені” атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Алдымен аудан басшысы ел ағаларымен бірге түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдары ұсынылған көрмені аралап, әр ұлттың салт - дәстүрлерімен танысты. Сонымен қатар, шара аясында ұйымдастырылған спорттық сайыстарды, жас суретшілердің шығармаларын және фольклорлық ансамбльдердің өнерін тамашалады.
Мерекелік шараның көркін 300-ге жуық жастың қатысуымен өткен әсерлі флешмоб пен түрлі ұлт өкілдері мен аудан жастарының шеруі ашты. Бұл көрініс мерекенің шырайын кіргізді.
Салтанатты шараны аудан әкімі Мажит Самитов ашып, айтулы мерекенің маңыздылығына тоқталып, жиналған қауымды мерекемен құттықтай келе, бірлігі мен берекесі ұйысқан аудан тұрғындарына ақ тілегін арнап, бірқатар азаматтарға Алғыс хатын табыс етіп, олардың қоғамдық өмірге қосқан үлесін атап өтті.
Шара әрі қарай аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған ұлттар достығын арқау еткен театрландырылған қойылыммен жалғасты. Түрлі ұлт өкілдерінің әндері мен билері сахнаның сәнін кіргізіп, ұлттық нақыш пен заманауи ырғақты үйлестіре білді.
Татулық пен бірлік, ортақ құндылықтар насихатталған шара тұрғындарға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, көпшіліктің көңілінен шықты.