Қоғам дамуының қай кезеңін алсақ та, руханият пен білімнің бастауы — кітап екеніне еш күмән жоқ. Адамзат баласының сан ғасырлық тәжірибесін, ой-санасын, таным көкжиегін өрнектеген құндылықтардың ең асылы — осы бір қарапайым ғана қағаз бен сиядан тұратын, алайда ішіне тұтас бір ғаламды сыйдырған кітап.
«Руханият» орталығында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен "Кітап – мәңгілік қазына" атты кітап фестиваль өтті. Аталған шараға ауданымыздың ақындары, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Б. Нуридинов Ұлттық кітап күніне арналған фестивальді ашып беріп, кітап жанашырлары мен аудандық кітапханалардың ұйымдастыруымен өткен шараларға белсене қатысып жүрген бірқатар ұстаздар қауымын аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Шара барысында "Кітап - мәңгілік елдің құндылығы" атты кітап көрмесі, Қамар сұлу, Ұлпан, Қыз Жібек және Зере әженің бейнесімен кейіпкерлер қойылымы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, кітапхананың белсенді оқырмандары ақын өлеңдері мен проза үзінділерінен оқып, аудандық балалар кітапханасының жас оқырмандары «Құпия кітап» биін көпшілік назарына ұсынды.