Бүгін аудан әкімі Мажит Самитов қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, жерлесіміз Байбота Қошым - Ноғай Серікбайұлының 70 жасқа толуына орай ауданның руханият өкілдерімен бірге ақынды арнайы қабылдап, кездесу өткізді.
Алашқа белгілі ақынға Құрмет грамотасы мен құттықтау хатын табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Кездесу барысында жазушы - драматург, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат Әлмашұлы сөз сөйлеп, Байбота Қошым - Ноғайдың сан қырлы болмысы мен шығармашылығы жөнінде кеңінен айтып өтті.
Әрі қарай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов ақынға деген ақжарма тілегін ақтарды.
Сондай-ақ, айтыскер ақын Әбілқайыр Сыздықов мерейтой иесіне арнаған өлеңін оқып, ізгі лебізін жеткізді.
Жиында ақын Байбота Қошым-Ноғай сөз алып, туған жерге тәу етіп келген әрбір сапарында қаламына қуат, шығармашылығына шуақ, өлеңіне құдірет дарып қайтатынын айтып, ел - жұртына, осы жүздесуді ұйымдастырып отырған аудан басшысы Мажит Самитұлына шын пейілді ризашылығын жеткізді. Өзінің ең соңғы шыққан "Үлпет" кітабын тарту етті.