ӨНЕР ШЫҢЫНДАҒЫ ҰЛЫ ТҰЛҒА ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ӨНЕР ШЫҢЫНДАҒЫ ҰЛЫ ТҰЛҒА ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Бүгін Жаңақорған ауданы әкімдігінің қолдауымен, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюссерлік орталығы мен аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Жаңақорғандық ақын, термеші, жырау Шаймен Дәрібаевтің есімін халық жадында дәріптеу мақсатында "Өмір дәурен" атты аймақтық жыршы - жыраулар фестивалі өтті. Шараға Ақтөбе және Қызылорда облысынан 11 жырау қатысты.
Жаңақорғандық ақын, термеші, жырау Шаймен Дәрібаев 1857 жылы Жаңақорған өңірінде дүниеге келіп, саналы ғұмырында ақындық өнердің биігін бағындырып, артына өшпес мол мұра қалдырды. Өлең сөздің дүлділі атанған Құлан ақындармен қатар жүріп, Майлықожа, Құлыншақ, Бұдабай ақындардан тәлім алып, текті талантты тұлғалардың көшін жалғады. Шаймен ақынның 30-ға тарта өлең-толғаулары қазақ ауыз әдебиетінің алтын қорында сақталған.
Ақынның жыр мұраларын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында 2016 жылдан бері Жаңақорған ауданында жыл сайын жыраулар фестивалі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Өнерін қадірлейтін халқы барда Шаймен ақынның жыр мұралары ғасырлардан ғасырларға жалғасып, ақын есімі елмен бірге жасай береді.