Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Ибрагим Рүстем Рәбілұлымен жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерге семинар ұйымдастырылды.
Әдеп жөніндегі уәкілмен мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстаным мен мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату және мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинар барысында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 3-тарауының 6-тармағының 10) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну қажеттігін ескертті. Яғни, 2024 жылғы 8 шілдедегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға осы бағытта бірқатар түзетулер енгізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеуге қатысты түсіндірме берді.
Атап айтқанда, аталған Заңның 12-бабының 1-тармағы «Ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды» деген мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылған.
Осылайша, заңнаманың талаптары бүгінгі таңда барынша күшейгенін және құмар ойын мекемелеріне бару тәртіптік жауаптылықты көздейтін болса, құмар ойынына қатысу қызметтен босатуға алып келетінін ескертті.