Аудан әкімі Мажит Самитов ауыл тұрғындарының ұсыныс - пікірлерін тыңдады.

Аудан әкімі Мажит Самитов ауыл тұрғындарының ұсыныс - пікірлерін тыңдады.
Аудан әкімі Мажит Самитов Қожамберді, Төменарық, Сүттіқұдық, Жайылма ауылдық округтері мен Шалқия кентінде болып, тұрғындардың ұсыныс - пікірлерін тыңдады.
Кездесу барысында аудан әкімі ең алдымен Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасымен аймағымызда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Кездесулерде тұрғындар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, Қожамберді ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Эльмира Ділматаева мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған спорт кешенінің мәселесі жөнінде ұсыныс білдірді.
Ары қарай кездесу Төменарықта жалғасты. Ауылда құны 966,1 млн теңгеге 15 орындық аурухана мен емхананың құрылысы, құны 2,1 млрд теңгеге газдандыру жұмыстары жүруде. Аудан басшысы округте жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысып, сапалы аяқталуын тапсырды. Кездесуде тұрғындар газ құбырын жүргізу барысында бұзылған көшелерді қайта қалпына келтіру жөнінде өз ойларын айтты.
Сүттіқұдық ауылдық округінде тұрғындар ауыл ішіндегі жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына оң бағасын беріп, қуаныштарын жасыра алмады. Биыл ауылдың ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту, ауылішілік 7 көшені күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Елді мекеннің электр желісін жаңғыртуға қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, 3 көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге жоба жасалған. Ауыл тұрғындары кездесу барысында мемлекеттік балабақшадағы бала тасымалдау көлігінің тозығы жеткендігін алға тартып, алдағы уақытта мүмкіндігінше жаңа көлік қарастыруды сұрады.
Аудан әкімінің ауыл халқымен кездесуі Жайылма ауылдық округі мен Шалқия кентінде түйінделді. Жайылманың қарбызы тек республикамызда ғана емес, көршілес елдерге де танымалдыққа ие. Өзіндік бренді қалыптасып, экспорт көлемін жыл сайын арттырып келеді. Аядай ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін егіннің басы-қасында жүреді. Осындай берекелі ауылға сапар алдымен бақша өнімін көзбен көріп, егістіктің мән-жайымен танысудан басталды. Аудан басшысы ауылдағы егістікке барып, шаруалардың жағдайымен танысты.
Жайылмада көше асфалтьтануда, ауыз су жаңғыртылуда, полигон талаптарға сай сәйкестендірілуде. Ауыл тұрғындарының басты мәселесі "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолының бойында сауда жасау үшін арнайы орынға рұқсат алу еді, бұл мәселе де кездесу барысында өз шешімін тапты.
Шалқияда да атқарылып жатқан шаруа аз емес. Көгілдір отын келіп, көшелер қайта жөнделуде. Құттықожа елді мекенінде жаңадан электр желілерінің құрылысы басталуда. Кездесуде ауыз су мәселесі мен мал жайылымы қозғалды. Бұл бойынша аудан басшысы жауапты сала басшыларына көтерілген мәселелерді шешу жөнінде тапсырмаларын берді.