ТӘЖІК-АУҒАН ШЕКАРАСЫНДА ҚАЗА ТАПҚАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ

ТӘЖІК-АУҒАН ШЕКАРАСЫНДА ҚАЗА ТАПҚАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ
Бүгін "Тағзым" алаңында Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді құрметпен еске алу шарасы өтті.
Бұл күні, 7 сәуір 1995 жылы, ел үшін кеудені оққа керген қазақстандық сарбаздар Тәжік-Ауған шекарасында айбынды ерліктің, қайтпас қайсарлық пен беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов ардагерлерге ізгі лебізін білдірді.
- Тәжік-Ауған соғысы ардагерлерін қадірлеп-құрметтеуді өзіміздің борышымыз деп білеміз. Кеудесін оққа тосып, өздерін жасындай өмірін тәуекелге тіккен жауынгерлердің ерен ерліктері қанша уақыт өткеніне қарамастан ел есінде, ұрпақ жадында сақталады, - деді.
Сондай-ақ, Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушы ардагер Ербол Құрбанбеков алғысын білдірді.
Шара барысында Тәжік-Ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтары қойылды. Ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің рухына құран бағышталды.