НАУРЫЗНАМА БАСТАУЫ - КӨРІСУ КҮНІ

НАУРЫЗНАМА БАСТАУЫ - КӨРІСУ КҮНІ
Елдің тыныштығы мен бірлігін көрсететін аталмыш мерекеде жасы кіші үлкенге арнайы барып сәлем беріп, батасын алып жатады. Осы дәстүр бойынша Жаңақорғанда ауданында өткен шарада жиылған жұрт бір-бірімен қауыша төс қағыстырып, қол алысып, қуана көрісіп жатты.
Тағылымды шараға қатысқан Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов барша жиналған қауымды амал мерекесімен құттықтады.
Мерекеде домбыраны сөйлеткен күйшілер мен жыршылар өнерлерін ортаға салып, "қамшы ілу", "қарғыбау" секілді дәстүрлер көрініс тапты. Қазақы нақышта киінген жұрт ұлттық тағамдардан әзірленген дастарханнан дәм татты.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Айта кетейік, биылдан бастап Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдасы әзірленді. Осы ретте, 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланып, әр күн белгілі бір тақырыпқа арналды.