Аудан әкімінің «9 мамыр – Жеңіс күні» мерекесімен құттықтауы!

Аудан әкімінің «9 мамыр – Жеңіс күні» мерекесімен құттықтауы!

Құрметті тыл еңбеккерлері мен ардагерлер!

Қадірлі жаңақорғандықтар!

Қымбатты майдангер ұрпақтары!

Баршаңызды Ұлы Жеңістің 78 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке – соңғы демі қалғанша күрескен жанқиярлық ерліктің нәтижесі, халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де Ұлы жеңістің жемісі.

Өздеріңізге мәлім, сұрапыл соғысқа 1,5 миллионнан астам қазақстандық аттанып, соның тең жартысы қан майданнан қайтпады. Миллиондаған адам «Бәрі де жеңіс үшін» деп, бел шешпей еңбек етті. Қасіреті мол соғыс оты әрбір шаңыраққа тиіп, өшпес дақ қалдырды.

Жалпы Жаңақорған ауданынан Ұлы Отан Соғысына 5 мыңға жуық адам аттанып, оның 2600-ы туған өлкеге оралды. Майдан даласында ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен жаңақорғандық жауынгерлер – Әнуар Әбутәліпов, Александр Романов Кеңес Одағының Батыры атанды.

Бүгінде кент орталығындағы «Жеңіс» саябағы мемориалында Ұлы Отан соғысы боздақтарының есімдері жазылып, ұрпақ жадында жаңғырып тұр. Қазіргі таңда өкінішке орай ауданда бірде - бір соғыс ардагері Ұлы Жеңістің 78 жылдық мерекесіне жете алмады, 3 соғыс ардагерінің жесірі және соғыс ардагеріне теңестірілген 2 тыл ардагері ғана қалды. Аудан халқы асылдарымызды ардақтап, батырларымызды бағалап келеді.

Қашанда Отан үшін оққа кеудесін тосқан жауынгер ерлігін ұмытпау, бүгінгі бейбіт өмірді ұрпаққа аманат ету біздің перзенттік парызымыз. Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ерлігінен кем түспеуге тиіс. Бүгінгі буын Жеңіс сарбаздары алдында мәңгілік қарыздар.

Биылғы Жеңістің 78 жылдығы аясында киелі Жаңақорған өңірінен шыққан батырлардың ерлігі кең көлемде насихатталады. Біз олардың есімін жадымызда тағы бір мәрте жаңғыртатын боламыз.

Ендеше, айтулы мерекеде барлық бастамалар оң жемісін беріп, еліміздің көркейуіне аянбай еңбек еткен азаматтарымыздың еңселері биік, мерейлері үстем болсын!

Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері! Қадірлі қауым!

Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіздің, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы бейбіт күнде өмір сүруде.

Тыл ардагерлері майдан үшін, жеңіс үшін жанқиярлықпен еңбек етіп, жауынгерлерді қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтыды. Азаматын жоқтатпаған қамкөңіл аналар мен ер-азаматтың қайратын қажет ететін «қара жұмыста» жүріп, ерлермен иық тірестіре орақ орып, жер жыртысқан қыз-келіншектердің де ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды.

Жеңіс күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Ерлігімен тарих парағында өшпес із қалдырған алдыңғы буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.

Ерліктері еліміздің тарихи шежіресінде мәңгі орын алған, елге мұра, ұрпаққа ұран болған батыр бабалар аманатына адал болайық.

Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт тілеймін!

Мәңгілік Еліміздің болашағы жарқын, Ұлы Дала ұрпақтары намысты болсын!

Көк туымыз желбіреп, еліміздің абыройы арта берсін!

Құрметпен,

аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов