Аудандық кітапханаға Адырбек Сопыбековтің есімі берілді

Аудандық кітапханаға Адырбек Сопыбековтің есімі берілді

Бүгін Жаңақорған аудандық кітапханасына Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда облысының Құрметті қайраткері, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, ақын Адырбек Сопыбековтің есімі берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы, облыстық мәслихат депутаты, белгілі меценат Ысқақ Жанкелді Ойшыұлы, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Зинабдин Шермағамбетов, зиялы қауым өкілдері және жұбайы, балалары мен өмірдегі достары қатысты.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Адырбек Сопыбековтің туған өлкеміздің тарихын таныту жолындағы, мәдениет саласына сіңірген еңбектерін атап өтіп, артына өшпес мол мұра қалдырғанын сөз етті.

Адырбек Сопыбеков ағамыз аудандық газеттердің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде әдеби қызметкер, Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» газетінің редакторы, Жаңақорған аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, 1985 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Халық ақыны Манап Көкеновтің шығармашылық өнер мектебінің директоры болып жұмыс жасады. Адырбек ағамыздың бір топ өлеңдері «Қазақ балалар поэзиясының антологиясына», біраз өлеңдері бастауыш мектеп оқулықтарына енгізілген. Жазушы ағамыз туған өлкеміздің тарихын таныту жолында да аянбай тер төкті.