Ертең аймағымыздағы барлық мектептерде бір мезетте «Аттестат тапсыру» рәсімі өткізілетін болады. Сондай-ақ, мектеп бітіру кешін мейрамханаларда іс-шара ұйымдастырып, атап өтуге тыйым салынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникация алаңында өткізілген баспасөз брифингінде облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Дәулеталиев мәлімдеді.
Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша облысымызда негізгі орта білім туралы аттестатты алатын, яғни 9 – сыныпты бітірушілер саны – 14 543 оқушы. Оның ішінде «Үздік аттестат» иегерлер саны – 1 765 немесе жалпы оқушылардың 12,1 % құрайды. Ал, 11 – сыныпты бітіруші түлектер саны – 7 506 болса, оның 415-і «Алтын белгі», 804 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері.
Сонымен қатар, мектеп бітіру кештерін ұйымшылдықпен өткізу, бітірушілердің өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында облыстық білім басқармасының 2022 жылғы 4 мамырдағы №21 бұйрығы шығарылып, барлық білім беру ұйымдарына жолданды. Аталған бұйрыққа сәйкес, оқу жылын аяқтау шараларын ұйымдастыруға және мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге оқушылар мен ата-аналардан, педагогтардан ақша жинауға қатаң түрде тыйым салынған.
Қатаң түрде ескертетін жәйт, барлық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына: мектеп бітіру кештерін өткізу барысында бітірушілер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жағдай жасалуын қамтамасыз ету қажет, бітіру кештерін міндетті түрде мектеп қабырғасында және ауласында өткізу, шараға бітірушілердің мектеп формасымен қатысуын және барынша қарапайым түрде өткізілуін қамтамасыз ету жүктеледі. Сонымен қатар үйлер мен ресторандарда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізу және бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына жол бермеу, бітірушілердің өмір қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу бағытында медициналық, өрт қызметтері, ішкі істер органдарымен бірлесіп шаралар қабылдау және мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру үшін ана-аналардан ақша жинамауды, ата-аналар тарапынан мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар берілуіне жол бермеуді және шараларды мектептің қолда бар мүмкіндігімен ұйымдастыру керектігі ескертіледі. Сондай-ақ, табиғат аясына серуендеуге, өзен, көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне тыйым салу және төтенше жағдай бөлімдерімен бірлесіп кезекшілік ұйымдастыру, бітірушілер, ата-аналар және педагогтар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қамқоршылық кеңес мүшелерімен бірлесіп белсенді түрде жүргізу тапсырылды, - деді Нұрлан Базарғалиұлы.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін мектеп бітіру салтанатты кештерінде ел аумағында орын алған келеңсіз жағдайлардан сабақ алып, оған жол бермеу үшін қолдан келген барлық сақтық шаралары сақталады. Ертең таң ертеңнен бастап адамдар көп шоғырланатын демалыс орындары мен ойын-сауық мекемелеріне құзырлы орган өкілдері мен мектеп әкімшілігінен құралған кезекшілік топ рейдтік жұмыстар жүргізетін болады.