Қадірлі жерлестер!
Сіздерді еліміздің ең маңызды мерекесінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Конституция – азаматтардың құқығы мен бостандығын, қуатты мемлекетіміздің егемендігі мен бүтіндігін сақтайтын темірқазық. Ата Заң тек қана міндеттер мен талаптар жиынтығы емес, ол күллі халқымыздың ортақ мүдде, бір Отан үғымын білдіретін басты құжат.
Конституцияны құрметтеу, оны ұлықтау баршаға бірдей азаматтық парыз.
1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан халқының тарихи шешімімен, Тәуелсіз ел ретінде мемлекеттік Конституция қабылданып, осы күннен бастап дербестігі мен дамуы қарқын ала бастады. Ел бірлігі мен ынтымағы орнықты. Шекарамыз шегенделді. Экономикалық өрісін еселеп, әл-ауқатымыздың артуына жол ашылды.
Биыл Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі. Құқықтық мемлекет ретінде әлемнің өркениетті елдерімен ынтымақтастығымыз артып, жан-жақты экономикалық, саяси, әлеуметтік байланыс қанат жайды.
Мемлекеттің дамуы аясындағы алға қойған стратегиялық мақсаттарымызды, ірі реформаларды жүзеге асыруды, демократиялық құндылықтарды қалыптастыруды Ата Заңымыздың шеңберінде атқарып келеміз. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, арыстарымыз ақталды, ұлттық тарих түгенделіп жатыр.
Осы бір елдік мүдде саналатын асыл мұрамыздың қадір-қасиеті бағаланып, ұлттық құндылықтар жаңғырды, мерейіміз үстем, мәртебеміз өсті.
Келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі – саяси тұрақтылық, бір шаңырақ астындағы бірлік. Сондықтан бүгінгі берекемізді бекем еткен осындай қастерлі де асыл құндылықтарымызды шашауын шығармай, өскелең ұрпаққа аманат ете білейік.
Құрметті жаңақорғандықтар!Жылдан жылға Тәуелсіздігіміз, береке - бірлігіміз нығая берсін. Конституция күнімен барлығыңызды тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін.
Еліміз аман, іргеміз бүтін, келешегіміз кемел болғай!