Интернеттің қоғам өмірінің айырылмас бір бөлшегі болғанына да біршама уақыт. Әлемдік эпидахуал кезеңінде интернетке сұраныс екі есе артты. Сұранысқа сәйкес сапаға да талап күшейді. Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы Рүстемов Жаңақорған ауданына әкім болып келгеннен бастап негізгі мақсаттарының бірі аудандағы интернет сапасын жақсарту болды. Соған сәйкес, аудан әкімі «Қазақтелеком» АҚ-ның және «Транстелеком» АҚ-ның Жаңақорған аудандық филиалы басшыларын және байланыс саласындағы провайдерлерді қатыстыра отырып, интернет мәселесіне байланысты «Нұр Отан» партиясының саяси бюро отырысында ауқымды мәселе көтерген болатын. Жиналыс қорытындысында тиісті провайдерлермен елді мекен тұрғындарын интернетпен толық қамту жөнінде келісімге қол жеткізілді.Содан бері біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, «Транстелеком» АҚ бүгінгі күнге дейін Қандөз ауылдық округі және Еңбек ауылдарының тұрғындары үйлерін толық интернетпен қамтыды және келесі жұмыстарды Машбек Нәлібаев ауылдық округінде бастап жатыр. Ал, «Қазақтелеком» АҚ интернетке сұраныс өте жоғары Жаңақорған кентінің Май бекеті, Ипподром және Саяжай мөлтекауданы тұрғындары үйлеріне интернет жүргізуде. Бұл жұмыстар кезектілігімен жылдың соңына дейін барлық ауылдарда жалғасын табады. Осы жерде айта кеткен жөн, жоғары жылдамдықты талшықты оптика байланыс желісін тұрғын үйлерге тарту біздің ауданда ғана жүргізіліп отыр және біздің ауданның үлгісінде басқа аудандарда тұрғындар үйлеріне интернет тартуды қолға алуда.