Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемұлы Рүстемов, аудандық мәслихат хатшысы, ауылшаруашылық саласының жетік маманы Ғалымжан Жарқынбекұлы және "Жаңақорған тынысы" газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Нұрлат Байгенже "Жаманбай батыр" ауылдық округіндегі Қарт Қаратау етегінде әртараптандыру бағытындағы тың тәжірибені көру үшін жолға шықты.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев агросектор бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Әсіресе, әртараптандыру бағытындағы жұмыстарда "Пазылбек қажы" шаруа қожалығының жұмысы үлгі екенін айтты.
– Ертеден тау бөктерінде диқаншылық дәстүрі қалыптасқанын жақсы білеміз. Соны жалғастыру маңызды. Осындайда Жапонияның күріш шаруашылығын дамытып отырғаны еске түседі. Жапондықтар үшін күрішті импорттау, өздері өсіріп, өндіруге қарағанда бірнеше есе арзанға түседі екен. Солай бола тұра, олар атакәсіптен бас тартпайды. Неге? Өйткені, ұлттық ерекшелікті, діл мен дәстүрді сақтаудың тетігі күріш шаруашылығымен тығыз байланысты. Жапон тіліндегі сөздік ұғымдардың өзі күріш шаруашылығымен тығыз байланысты екен. Екінші жағы, ауыл жастарын еңбекқорлыққа баулып, әлеуметтік жағдайы дұрысталуына әсер етеді. Іске сәт! Мол өнім жинауға тілектеспін! – деді Руслан Рүстемұлы.
Жақсы істі көруге келген Ғалымжан Жарқынбекұлы, сала басшысы Талғат Зейдалиев, ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев көктемгі бір күндік еңбек күздегі мол өнімнің кепілі екенін сөз етті.
Шаруашылық өкілі Ерсайын Пазылбекұлы 600 гектар жердің 80 пайызына мақсарының дәні себілгенін айтты. Жаңашылдығы – дәнмен бірге аквагель тасталды. Бұл әдіс топырақтың ылғалдылығын сақтап тұрады.
– Былтыр 2 гектар жерге мақсары ектік. Екі рет жауған жаңбырдың ылғалымен жинап алдық. Сондықтан мақсарыға басымдық беріп отырмыз. Күзде бидайдың тұқымын тастаймыз. Қазір 11 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – деді шаруашылықтың агрономы Самат Сапарбеков.