Наурыз мерекесі қарсаңында көпшілік күткен шарапатты шара ұйымдастырылып, оған Қазақстанның әр түкпірінен жерлестер жиналды. Бұл – Жаңақорған аудандық мәслихатының 2020 жылғы 08 желтоқсандағы «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы №570 шешіміне сәйкес өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, мемлекеттік мәртебеге сай ізгі тілек шын жүректен ақтарылды. Жаңақорған ауданы әкімі Руслан Рүстемов ел мен ер, еңбек пен елдіктің, біртұтас бірліктің баянды жолын баяндап, құрметті атаққа ие азаматтарды аудан жұрты атынан құттықтады.
Олардың қатарында ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы секілді қоғам, мемлекет қайраткерлері, еңбек озаттары, спорт саңлақтары, ел қадірлілері бар. Атап айтқанда Жасұзақ Аманбаев, Кәрім Жұмабаев, Қоянбай Қалмұрзаев, Айдар Әуезбек, Әнуарбек Қалтаев, Мырзахмет Танхиев, Әсет Жиенхожаев, Пахмаддин Айнақожаев, Камалдин Шермағамбетов, Жанат Ержанов, Бақытхан Әбдікәрімов, Өлмесхан Болатбеков, Әбутәліп Аманов, Пазылбек Нәлібаев, Нұрпейіс Мәжитов, Әбілхаир Сыздықов, Есенжол Алияров, Дастан Сартаев, Даулет Ниязбеков, Құлмағанбет Исаханов, Айтбай Әлібаевқа табысталды.
Шара барысында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы Мемлекеттік Елтаңбаны аудан әкімі Руслан Рүстемұлына ұсынды, ол аудандық мұражайға табыстады. Дәл осындай Елтаңба еңбек ардагері, студенттік досы Алшынбай Тұртановқа да табыс етілді. Ол заман бедерінде билік пен басшылық өзгергенмен Елтаңба өзгермейтінін жеткізіп, бүгінгі шараның шарапатына шексіз алғыс білдірді.
Ия, жігіттің жақсылығын жұрты білер деген, ауданның дамуына атсалысқан азаматтар атаусыз қалмайтынын бүгін білдік. Лайым, азаматтарымыздың бедел биігі аласармасын!