Бүгін Руханият орталығында 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай «Бұқаралық ақпарат құралдары – Әділетті Қазақстанның берік тірегі» атты салтанатты шара өтті.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Мажит Самитов, облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мажит Самитұлы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қандай жағдайда да қоғамның сенімінен шығуға, шынайылық пен әділдікті басты қағида етіп ұстанып келесіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен зор құрметке лайық еңбек.
Алдағы уақытта да елдік мүддені бәрінен биік қойып, ауданымыздың әлеуметтік - экономикалық дамуын, береке-бірлігі мен жетістіктерін халыққа кеңінен насихаттай бересіздер деп сенемін, – деді аудан басшысы.
Мерекелік шара барысында ауданның ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлері ауданның жоғары марапаты – Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, ардагер журналист Ерубай Қалдыбек және «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова сөз сөйлеп, көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасып, мереке иелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.