
Бүгін «Руханият» орталығында аудан әкімінің орынбасары Нариман Жахудаевтың төрағалығымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында аудан тұрғындарының қаржылық қауіпсіздігін арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу, қаржы пирамидаларының белгілерін түсіндіру және құмар ойындардың зияны жөнінде ақпараттық-түсіндіру семинары өткізілді.
Семинарға Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасының басшысы Ерлан Қасқырбайұлы мен департаменттің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Тұрлыбекқызы қатысып, тұрғындарға өзекті мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіліп, видеороликтер көрсетілді.
Кездесу барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, қаржы пирамидаларының белгілері, азаматтардың жеке деректерін қорғау жолдары, сондай-ақ құмар ойындардың әлеуметтік және қаржылық зардаптары туралы кеңінен айтылды.
Семинар барысында қатысушыларға күмәнді қаржылық ұсыныстарға сақтықпен қарау, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау және заңсыз қаржылық схемаларға тартылудың алдын алу бойынша нақты ұсынымдар берілді. Сонымен қатар, тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берілді. Іс-шараның басты мақсаты – аудан тұрғындарының қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру, алаяқтық әрекеттердің алдын алу және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту болып табылады.