Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен «Оқу жылының аяқталуы және білім алушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы» мәжілістен кейін, аудан әкімі Мажит Самитовтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.
Жиын алдымен кадрлық өзгерісті таныстырудан басталды. Облыстық мемлекеттік архив басшысының бұйрығына сәйкес, 2026 жылдың 21 мамырынан бастап Жаңақорған аудандық архив филиалының басшысы лауазымына Ермахан Бердібек Ермаханұлы тағайындалды.
Ермахан Бердібек Ермаханұлы 1968 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Саясаттанушы, саясаттану пәнінің оқытушысы», сондай-ақ академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Педагогика және психология» мамандықтары бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын 1995 жылы №239 орта мектепте мұғалім болып бастаған. Кейінгі жылдары білім беру саласында түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, мол тәжірибе жинақтаған.
Аудан әкімі жаңа басшыға алдағы қызметіне сәттілік тілеп, кәсіби біліктілігі мен өмірлік тәжірибесін саланың дамуына бағыттайтынына сенім білдірді.
Жиын барысында күн тәртібіндегі негізгі мәселе – оқу жылының аяқталуы мен жазғы демалыс кезеңін сапалы ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Биыл аудан бойынша 11-сыныпты 1273 түлек аяқтайды. Оның ішінде 1142 оқушы немесе 89,7 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Жаңақорған кентіндегі №110 орта мектеп базасында орналасқан тестілеу орталығында ҰБТ 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады.
Аудан басшысы мектеп бітірушілерге аттестат тапсыру рәсімдерін жоғары деңгейде ұйымдастыруды, барлық іс-шаралар барысында ең алдымен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Аудан аумағында екі балаларды сауықтыру мекемесі жұмыс істейді. Олар – Құттықожа ауылындағы «Тау самалы» тынығу лагері және Бесарық ауылындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы.
Биыл «Тау самалы» лагерінде 8 ауысыммен 600 баланы, ал облыстық орталықта
7 ауысыммен 2100 баланы демалдыру жоспарланып отыр. Аталған екі нысан да
1 маусымнан бастап балаларды қабылдауға толық дайын болуы қажеттігі тапсырылды.
Жиында балалар қауіпсіздігі мәселесі де ерекше назардан тыс қалмады. Аудан басшысы жаз мезгілінде кәмелетке толмағандардың белгіленбеген орындарда суға шомылуының алдын алу мақсатында ата-аналар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, күнделікті рейдтік шараларды ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес өңірде су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мәселелері де қаралды.
Мәжіліс қорытындысымен аудан әкімі сала орынбасарлары мен тиісті мекеме басшыларына күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.