
Бүгін аудан әкімі Мажит Самитов шалғайдағы елді мекендерді аралады.
Өткен жылы Көктөбе ауылының тұрғындары егін егу үшін жер бөлу жөніндегі өтініштеріне сәйкес аудан әкімдігінің қолдауымен ауылдық округ аумағынан отбасылық егіс үшін 250 гектар жер бөлінді. Егістік алқапты сумен қамтамасыз ету мақсатында Келінтөбе магистральды каналына дейін электр желісі тартылып, трансформатор мен электр насосы орнатылды. Қазіргі таңда 37 отбасы 60 гектар жерді игеріп, оның 30 гектарын лазерлік тегістеуден өткізіп, тары мен жоңышқа егуге дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Ауыл тұрғындары өз өтініштерінің қолдау тапқанына ризашылық білдіріп, көрсетілген көмекке алғыстарын жеткізді. Бұдан кейін аудан басшысы елді мекендердегі әлеуметтік нысандар мен ауылішілік көшелердің санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын аралап көрді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығына тоқталған аудан әкімі ауыл әкімдері мен мекеме басшыларына тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, анықталған кемшіліктерді уақытылы жоюды тапсырды.
Алдағы уақытта барлық кент және ауылдық округтерде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарына мониторинг жүргізу жалғасатын болады.