Бүгін аудан әкімі Мажит Самитовтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс отырысы өтті.
Күн тәртібіне сәйкес көктемгі егіс жұмыстарының барысы қаралып, салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су тапшылығына байланысты күріш дақылының көлемі азайтылып, оның орнына суды аз қажет ететін әрі өнімділігі жоғары дақылдардың көлемі ұлғайтылып жатқаны айтылды. Аудан әкімі инвесторлармен тығыз жұмыс жасап, егіс алқаптарына су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстарын жеделдетуді және биылғы жылға бекітілген егіс жоспарын толық әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Мәжіліс барысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына сәйкес аудан аумағындағы санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және мекемелерге жүргізілген зерделеу барысында анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Бұдан бөлек, макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы, бюджет қаражатының игерілуі, көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарының орындалуы, мемлекеттік орган басшылары мен мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен қарым-қатынаста әдеп нормаларын сақтауы, мектеп бітіруші түлектерді Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткізу және тестілеу орталығының толық дайын болуы мәселелері қаралды. Аудан әкімінің орынбасарлары мен сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеліп, жеке жауаптылықта болатындықтары ескертілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі көтерілген барлық мәселелер бойынша берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтты.