Аудан активінде кадрлық өзгерістер таныстырылды

Аудан активінде кадрлық өзгерістер таныстырылды

Бүгін аудан әкімі Мажит Самитовтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиын барысында бірқатар кадрлық өзгерістер мен жаңа тағайындаулар таныстырылды.
Алдымен аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келген Нуридинов Бектас Балғабайұлын облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметіне ауысуына байланысты құрметпен шығарып салды. Аудан басшысы оның қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік салалардың дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Атқарған еңбегіне ризашылық білдіріп, ауданның ең жоғары марапаты – Құрмет грамотасын және “Жаңақорған ауданының дамуына қосқан үлесі үшін” төсбелгісін табыстады.
Одан кейін жаңадан тағайындалған аудан әкімінің орынбасары таныстырылды. Бұл лауазымға Сапарбаев Қайрат Әбдірахманұлы тағайындалды. Ол бұған дейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін табысты атқарып келген тәжірибелі басшы. Жаңа қызметінде құрылыс, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және автомобиль жолдары салаларына жетекшілік ететін болады. Аудан әкімі оған үлкен сенім артылып отырғанын атап өтіп, жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымына Сүлейменов Нұржан Асқарұлы тағайындалды. Нұржан Асқарұлы – мемлекеттік қызметте сатылап өсіп, мол тәжірибе жинақтаған білікті маман. Ол бұған дейін аталған бөлімде сектор меңгерушісі қызметін атқарып келген.
Бұдан бөлек жиын барысында жаңадан сайланған Жаңарық ауылдық округінің әкімі Бауыржан Әбдіхалықов және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған Ғафур Ақмырзаев таныстырылып, оларға жаңа қызметте табыс тілеп, тиісті міндеттер жүктеді.
Жиын соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов сөз сөйлеп, орын алған кадрлық өзгерістерге байланысты ізгі тілегін білдіріп, жаңадан тағайындалған азаматтарға табыс пен сәттілік тіледі.