Ұлтына ұл, дәуіріне дара болған тұлға

Ұлтына ұл, дәуіріне дара болған тұлға

Аудан әкімі Мажит Самитовтың қатысуымен №286 орта мектебінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат», «Құрмет», І дәрежелі «Барыс» ордендерінің және Ресей Федерациясының «Достық» орденінің иегері, Қызылорда, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының Құрметті азаматы Сапарбаев Бердібек Машбекұлын еске алуға арналған
«Ұлтына ұл, дәуіріне дара болған тұлға» атты тағылымдық шара өтті.
Игі шараға «Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының» басшысы Пазылбек Нәлібаев, Қызылорда облыстық педагогикалық шеберлік орталығының директоры София Камалова, «Сыр бойы» газетінің бас директоры Қуат Шарабидинов, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, ұстаздар мен оқушы жастар қатысты.
Алдымен шараға қатысушыларға Бердібек Сапарбаевтың өмір жолы мен қызметтік кезеңдерін қамтитын фотокөрме және еңбек жолына арналған тақырыптық бұрыш таныстырылды. Сонымен бірге, «Ұрпаққа ұран болған ұлы тұлға» атты апталықтың қорытынды бейнеролигі көрсетіліп, «Ел үшін туған ер» атты театрландырылған пролог ұсынылды.
Іс-шараның ашылуында аудан әкімі Мажит Самитов көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың өмір жолына, ел игілігі жолындағы қажырлы қызметіне, адами болмысына кеңінен тоқталып, мұндай тағылымдық іс-шараның жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
-Бердібек Машбекұлы Сапарбаев – Тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше орны бар, халықтың шынайы құрметіне бөленген мемлекет қайраткері. Ол қай салада, қай өңірде қызмет атқарса да, ең алдымен қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік әділеттілікті басты қағида ретінде ұстанды. Аталған бастама құптарлық, әрі жас ұрпақ үшін маңызы зор деп есептеймін. Себебі мұндай тағылымдық іс-шаралар арқылы болашақ ұрпақтың азаматтық көзқарасы қалыптасып, елге қызмет етудің мәні мен маңызын терең түсінуге жол ашады.- деді аудан басшысы.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сапарбаев Бердібек Машбекұлын еске алу мақсатында «Ұлтына ұл, дәуіріне дара болған тұлға» атты апталық аясында ауданымыздағы барлық білім беру ұйымдарында түрлі бағыттағы іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылған болатын. Аталған апталық аясында белсенділігімен, шығармашылығымен ерекше көзге түскен бірқатар оқушылар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сонымен қатар, Қызылорда облыстық «Педагогикалық шеберлік» орталығының директоры Камалова София Тәкенқызы, «Сыр бойы» газетінің бас директоры Шарабадинов Қуат Әбішұлы сөз сөйлеп, тұлғаның қайраткерлік келбеті мен адамгершілік болмысы жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ, «Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының» басшысы Нәлібаев Пазылбек Машбекұлы, ел ағасы, аудандық мәслихаттың ардагері Нәлібаев Алмас Омарұлы және замандасы әрі сыныптасы Шайықов Машар Рахметұлы өз естеліктерімен бөлісті.
Тағылымдық шарада жас ақындар арнау арнаса, аудан өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.