
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдағы тапсырмаларын орындау туралы» мәселесі қаралды. Аталған жиыннан соң аудан әкімі Мажит Самитовтың төрағалығымен жиын өтті.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Алдымен жиын ауданда орын алған кадрлық өзгерістерді таныстырудан бастады. Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының бұйрығымен Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне Мажитов Даулет Әбілпейісұлы тағайындалды.
Даулет Мажитов 1984 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 2004 жылы Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып бастаған. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде орманшы-инспектор, балық шаруашылығы маманы қызметін атқарып келген.
Аудан басшысы жаңа мекеме басшысына табиғатты қорғау, биологиялық әртүрлілікті сақтау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
Мәжілістің күн тәртібіндегі мәселеге сәйкес, Ұлттық құрылтайда жүктелген міндеттердің, өңір мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар мен тапсырмалардың мерзімінде, сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырылды.
Сонымен бірге, күн тәртібінен тыс бірқатар мәселелер қаралды. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кенттер мен ауылдық округтердегі тазалық пен абаттандыру жұмыстары, облыс басшылығының жұмыс сапары аясында құрылыс жұмыстарымен таныстырылатын нысандардың дайындығы пысықталды.
Жиын қорытындысымен сала орынбасарлары мен жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.