Жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

20 желтоқсан күні Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды.
Өрт сөндіру бекетінің ашылу шарасына аудан әкімі Мажит Самитов, Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, азаматтық қорғау полковнигі Ерлан Аблайұлы Төрегелдиев, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Айдосұлы ​Мырзагелдиев, зиялы қауым өкілдері, ауыл ардагерлері және жергілікті ауылдарда құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдарының мүшелері арнайы қатысты.
Аудан әкімі және Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, азаматтық қорғау полковнигі өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеп, жаңа нысанның маңыздылығына тоқталды.
- «Азаматтық қорғау саласы — халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетік. Бүгінгі ашылып отырған өрт сөндіру бекеті — ел қауіпсіздігін нығайтуға қосылған сүбелі үлес. Бұл бекет тек Қандөз ауылы үшін ғана емес, осы елді мекенге жақын орналасқан ауылдық округтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады. Осы арқылы біз жақын жерден жедел көмек көрсетуге мүмкіндік алып отырмыз», — деп аудан басшысы атап өтті.
Одан соң Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, азаматтық қорғау полковнигі Ерлан Аблайұлы бірқатар төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарына төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хатын тапсырып, жаңа ғимаратқа теледидар сыйға берді. Сондай ақ, ауданымыздың Құрметті азаматы Серхожа Ыдырысов өрт сөндіру қызметкерлеріне сәттілік тілеп, бата берді.
Шара барысында арнайы жабдықталған ғимарат ішін аралап көріп, техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Ғимарат барлық қажетті құрал - жабдықтармен, оның ішінде «Урал» маркалы өрт сөндіру көлігімен сондай ақ қызметкерлердің жатын және асхана бөлмесімен толық қамтамасыз етілген.
Еліміздің тыныштығы мен азаматтардың өмірін сақтау жолында қызмет ететін ер жүрек өрт сөндірушілерге әрдайым сәттілік серік болсын дейміз!