
25 қазан күні Жаңақорған ауданында көрнекті жазушы, «Құрмет» және «Отан» ордендерінің иегері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Тынымбай Нұрмағамбетовтың 80 жас мерейтойына арналған «Таланты Тынымбай» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.
Шараға аудан әкімі Мажит Самитов, белгілі публицист, әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда қаласының, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Қазақстан балық шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметкері Нажмадин Мусабаев, «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Бақыт Нұртазаев, облыстық мәслихат депутаттары Жорабек Нурымбетов, Бақдәулет Махашов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Қаршыға Есімсейітова және ауданның зиялы қауым мен ғылыми - шығармашылық өкілдері қатысты.
Мерейтой аясындағы конференция аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Алдымен қонақтар назарына жазушының өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін көрме ұсынылды. Онда қаламгердің кітаптары, фотожинақтар, марапаттары мен жеке мұрағатынан алынған экспонаттар қойылды.
Конференцияның ресми бөлімінде аудан әкімі Мажит Самитов құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ел алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтау хатын оқып, табыс етті. Сондай-ақ қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Шара барысында жазушының шығармашылығы мен қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жөнінде жылы лебіздер мен тағылымды ойлар айтылды. Атап айтқанда, белгілі публицист, әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы, журналист, ақын Қаршыға Есімсейітова, мемлекет және қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев, ғалым - агроном, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Керімхан Егізбаев, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова
баяндама жасап, жазушының руханият әлеміндегі айшықты орнын айрықша атап өтті.
Конференция соңында мерейтой иесі Тынымбай Нұрмағамбетов көрсетілген сый-құрмет пен жылы лебіздерге ризашылығын білдіріп, туған жері Жаңақорған еліне, аудан басшылығына және шығармашылық қауымға алғысын білдірді.