
25 қазан күні Жаңақорған кентінің орталық алаңында «Республика күні» мен «Алтын күз – 2025» мерекесі аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі ұйымдастырылуда.
Молшылық мерекесіне айналған жәрмеңкені аудан әкімі Мажит Самитов ардагерлермен бірге аралап, жергілікті шаруалардың өнімдерімен танысты.
Бұл күні барлық кент пен ауылдық округтерден келген диқандар мен кәсіпкерлер өз өнімдерін нарық бағасынан 15–20 пайызға төмен бағамен тұрғындарға ұсынды. Жалпы 39 жүк көлігімен 110 тоннадан астам өнім жеткізілді.
Биыл жаңақорғандық диқандар күзгі жиын - терімді уақытылы аяқтап, мол табысқа қол жеткізді. 7 300 тонна күріш жиналып, әр гектардан орта есеппен 57 центнер өнім алынды. Сонымен қатар дәнді және майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінен де мол өнім алынды.
Жәрмеңке барысында жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.