16 қыркүйек күні Жаңақорған ауданының әкімі Мажит Самитовтың төрағалығымен аудан активінің отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы
8 қыркүйекте жариялаған Жолдауында айқындалған стратегиялық бағыттар бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталды.
Жиынға аудан прокуроры Дабыл Аянұлы, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек Ғалымжан, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мекеме және бөлім басшылары, кент, ауылдық округ әкімдері, ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі, жастар мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан басшысы өз сөзінде Президенттің Жолдауы — ел дамуына жаңа серпін беретін стратегиялық құжат екенін атап өтті. Ол құжатта белгіленген басым бағыттар мен маңызды міндеттерге тоқталып, олардың тиімді жүзеге асуы үшін барлық құзырлы органдар, мекемелер мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, жүйелі әрі үйлесімді жұмыс жүргізуі қажет екенін баса айтты.
Мемлекет басшысы Жолдауда инвестиция тарту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік - логистика саласын жетілдіру мәселелеріне баса назар аударды. Сондай-ақ, Президент заманауи технологиялардың рөлін, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің ел экономикасы мен қоғам өміріндегі маңызын ерекше атап өтті. Әлеуметтік әділеттілік, адами капиталды дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, экология, өңірлік даму, цифрлық теңсіздікті жою сияқты өзекті мәселелер бойынша да нақты тапсырмалар берді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметов, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев өз салаларын қамти отырып, баяндама жасады, Жолдау аясында іске асырылатын шаралар жоспарын таныстырды. Аудан әкімі Мажит Самитов әр бағыт бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Әбутәліп Сүйіндіков егіс алқаптарына су үнемдеу технологиясын енгізудің тиімділігі, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Маликова жаңа заманның сын-қатерлеріне дайын жас буынды қалыптастыруда ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп, бағыт-бағдар берудегі әйел- аналарға артылар жауапкершілік пен осы бағытта атқарылатын жұмыстар бойынша пікірлерімен бөлісті.
Жиын қорытындысында Президенттің жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға сай ауданда атқарылар жұмыстарды жүзеге асыруда табындылық пен жауапкершілік танытуға шақыра отырып, тиісті тапсырмалар жүктеді.