Бүгінгі ұрпақ ертеңгі елдің тұтқасы. Сондықтан жасөспірімнің амандығы, олардың құқығы мен қауіпсіздігі баршамыз үшін аса маңызды мәселе. Осы орайда ауданымызда жасөспірімдердің заңды өкілінсіз түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүруінің алдын алу мақсатында кешенді шаралар қолға алынып келеді.
Аталған бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі ретінде аудандық прокуратураның бастамасымен, аудандық прокуратура қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, аудандық мәслихат депутаты Лаура Бибасарова және аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен кезекті түнгі рейд ұйымдастырылды.
Рейд барысында бірқатар нақты шаралар атап айтқанда кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жеке әңгімелер жүргізіліп, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы түсіндірілді. Жастарға құқықтық жауапкершілік пен тәртіптің сақталуы олардың болашағына тікелей әсер ететіні айтылды. Тіпті ойын-сауық орындары мен қоғамдық мекемелерде 18 жасқа толмаған балалардың жүрмеуіне дейін қадағалау жүргізілетіні жөнінде ресми түрде ескертілді.
Осы ретте айта кететін жәйт, биыл елордада өткен республикалық Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мұғалімнің құқығын қорғау мәселесіне жеке тоқталған болатын. Басты себеп егер мектептен тыс жерде ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. Ал бұл тапсырманы жіті қадағалау прокуратураға жүктелген еді. Сондықтан әр ата - ана ұл - қызына егелік жасап, жазатайым жағдайдың орын алмауына себепші болуы керек.
Мұндай іс-шаралар кездейсоқ ұйымдастырылған науқан емес, жүйелі жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың бір бөлігі екені Сіздерге әлеуметтік желіден белгілі. Себебі әрбір жасөспірімнің тағдыры, олардың денсаулығы мен өмірі мемлекет үшін де, қоғам үшін де, ең бастысы ата-ана үшін де үлкен жауапкершілік болып табылады.
Ал біздердің тарапымыздан «Бала – біздің болашағымыз. Оның амандығы ортақ құндылық» деген ұстаным аясында жасалып жатқан мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.