М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында ақпараттық - танымдық семинар өтті.
Семинарға аудан әкімі Мажит Самитов пен Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп - тексеру департаментінің басшысы Аслан Кеңес қатысты.
Шараның мақсаты — тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттырып, алаяқтықтың түрлі түрлерінен сақтандыру, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік пен қаржылық тәртіпті сақтау бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Семинар барысында Қызылорда облысы бойынша ЭТД-нің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Тұрлыбекқызы қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы шаралар туралы айтып өтсе, Қызылорда облысы Полиция департаментінің Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Нұртілек Тұрмаханұлы онлайн алаяқтық және кибер қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды.
Одан соң «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалының заңгері Зарина Болатқызы әлеуметтік төлемдер мен қордың қызметі туралы баяндама жасады.
Қызылорда облысы бойынша ЭТД-нің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Айбек Орынбекұлы қаржы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, көлеңкелі экономиканың қаупі және тұрғындардың қаржылық қауіпсіздігін сақтау бағытында өзекті мәліметтермен бөлісті.
Семинар соңында Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Аслан Кеңесұлы қаржылық сауаттылықты арттыру – қоғам тұрақтылығының кепілі екенін атап өтіп, халықты алаяқтықтың түрлі түрлерінен сақ болуға шақырды. Сонымен қатар, мұндай ақпараттық шараларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін айтып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді.