25 жылдан аса уақыт мәдениет саласында еңбек етіп, ауанымыздың рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы», айтыс ақыны Сыздықов Әбілқайыр Әбілпаттаұлы өз өтінішіне сәйкес атқарып отырған қызметінен босатылды.
Аудан басшысы Ә.Сыздықовқа мәдениет саласын дамытуға қосқан еңбегі үшін алғысын жеткізіп, ауданымыздың ең жоғарғы марапаты Құрмет грамотасын табыс етті. Әбілқайыр Әбілпаттаұлы Сыздықовқа алдағы жұмысына сәттілік тілеп, кенттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Серхожа Ыдырысұлы аудан халқының атынан ыстық ілтипатын білдірді.
Сондай ақ, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның Жаңақорған аудандық электр торабы бастығы қызметіне Әбілтанов Ізбасхан Биғазыұлы
тағайындалды.
Ізбасхан Биғазыұлы 1985 жылдың 19 шілдесінде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Сүттіқұдық ауылында дүниеге келген.
2003-2007 жылдары "Болашақ" университетінің тарих мамандығын және 2012-2014 жылдары "Ақмешіт" гуманитарлық - техникалық институтының «Электр энергетикасы» мамандығын бітірген.
2009-2018 жылдары аралығында «Шиелі жарығы» ЖШС – бақылаушы, электромонтер, үш фазалық есептеу шебері қызметтерін атқарған.
2018 жылы «Нұра топтық су құбыры» «Арал» СЖКБД филиалы «Жиделі топтық су құбырын пайдаланушы» Жаңақорған өндірістік бөлімшесінің инженер-энергетик қызметін атқарған.
2023 жылы Жаңақорған аудандық электр торабының бас инженері және 2024 жылдан бүгінгі күнге дейін электр энергиясын есепке алу жөніндегі инженері қызметін атқарған.
Аудан басшысы Мажит Самитов белгілі айтыскер ақын Әбілқайыр Әбілпаттаұлына және Ізбасхан Биғазыұлына сәттілік тіледі.