Мәжілісте салық базасын ұлғайту және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын сапалы ұйымдастыру мәселелері қаралды.
«Бюджеттің әр бір тиыны өте маңызды. Бюджетті тиімді басқару және сапалы жоспарлау біздің басты міндетіміз. Сондықтан барлық ресурстарды пайдаланып, оң нәтижеге қол жеткізуіміз керек», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Сонымен бірге Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, салық түсімін дұрыс жоспарлауды, кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін түсімдердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етіп, жоспарланған салық көлемінің толық төленуін бақылауды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын өңірде сапалы әрі аса жауапкершілікпен ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Акция шеңберінде аудан көлемінде «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру апталықтары өткізіліп, тұрмыстық қатты қалдықтар белгіленген орындарға шығарылуда.
Аудан әкімі кент және елді мекендер бойынша көркейту-көгалдандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды, тал егілетін орынды қоршау, оған аяқ-су апару мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін тапсырды.