«5 сұрақ» айдары. Қыркүйек. БЖЗҚ өзекті сауалдарға жауап береді.

«5 сұрақ» айдары. Қыркүйек.  БЖЗҚ өзекті сауалдарға жауап береді.
  • Мен жұмысқа орналасып жатыр едім, маған ол үшін БЖЗҚ-да шотымның бар екендігі туралы анықтама керек екендігін айтты. Қазіргі пандемия кезінде кеңселерге бара бергім келмейді, сондықтан да ақпаратты онлайн түрінде ала аламын ба, жауап беріңіздерші, өтініш!

Жеке зейнетақы шотының (ЖЗШ) бар екендігі туралы анықтама алу үшін Сізге «БЖЗҚ» АҚ-ның enpf.kz ресми сайтына кіру жеткілікті. Сіз айналасы бес минуттың ішінде қажетті анықтаманы аласыз. Сайтқа кіргеннен кейін электрондық цифрлық қолтаңбаны немесе тіркелген логин мен парольді қолдана отырып, жеке кабинетке өту керек. Содан кейін   «ЖЗШ бар екендігі туралы анықтаманы/ЖЗШ ашу туралы өтінішті/зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жаңа редакцияда алу» бөліміне, одан әрі «Шоттардың бар екендігі туралы анықтама алу» бөліміне өтіп, Сізде ЖЗШ бар екендігі туралы дайын анықтаманы жүктейсіз.

Анықтаманың жоғарғы бұрышындағы QR-код БЖЗҚ уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған құжаттың электрондық нұсқасына веб-сілтемені қамтиды. Веб-сілтеме осы құжат берілген күннен бастап 1 (бір) ай ішінде қолжетімді екеніне назар аударамыз.

 

  • Мен көптеген смартфон пайдаланушылардың бірімін, маған оның көмегімен өз зейнетақы шотымның жай-күйін қадағалаған өте ыңғайлы. БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасына қалай тіркелуге болады?

 

ENPF ұялы қосымшасы – Қордың өзі әзірлеген жоба, оның көмегімен жеке зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірме ғана алып қоймай, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың деректемелерін, жаңалықтарды, барлық филиалдар мен қызмет көрсету орталықтарының мекенжайлары мен байланыс нөмірлерін де көруге болады. Сондай-ақ, бұл жерде Сіздерге арналған зейнетақы калькуляторы да орналастырылған, оның көмегімен өзіңіздің болашақ зейнетақыңызды есептеуге болады. Онлайн-бот ең көп қойылатын сұрақтарға жауап береді, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұлғалар мұнда өтініш жолдау және басқа да көптеген мәселелерін шешу мүмкіндігіне ие.

БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасын өз телефоныңызға Google Play немесе AppStore арқылы тегін жүктеп алсаңыз болады. Ұялы қосымшаға тіркелу үшін Сіздің ұялы телефоныңызға смс-хабарламамен жіберілетін біржолғы парольді пайдаланасыз. 

Өз парақшаңызға кіру үшін қосымшада авторланудың да екі тәсілі бар: ЖСН және пароль енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаңызды пайдалану, сондай-ақ, ұялы құрылғысында бар болса, пайдаланушы Android үшін Touch ID және IOS үшін Face ID арқылы кіре алады. 

ЖСН-ді логин ретінде пайдалану зейнетақы жинақтары туралы ақпарат алу тәсілі ретінде міндетті түрде интернет-ақпараттандыруды таңдауды көздейді. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжатпен БЖЗҚ кеңсесіне бір рет барып, қосымша келісімге қол қойып, enpf.kz сайтында тіркеуден өту қажет.

Сондай-ақ, ENPF ұялы қосымшасында Push хабарламалар бар. Бұл қызметті пайдалану үшін Сіз қосымшаға кіріп, баптаулардағы «push хабарландыруларын қосу/өшіру» қызметін қосуыңыз керек. Осының бәрін жасаған соң, смартфоныңыздың экранында қысқа қалқымалы хабарламалар пайда болады, олар  міндетті және міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының түсуі туралы уақытылы еске салып отырады.

  • Менің әкем ресми жұмыс істемейді, тек өз бау-бақшамызда өсірген көкөністерді сатумен айналысады, бірақ ЖК ретінде тіркеуден өтпеген. Таныстарымыз келешекте базалық зейнетақы алу және емханаға тіркелу үшін БЖТ төлеу қажет екендігін айтты. Оны қалай төлеуге болады? 

 

Біздің азаматтар үшін бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) жүзеге асырудағы артықшылықтардың бірі – жәрдемақы, медициналық қызмет және зейнетақы жүйесіне қатысу түріндегі мемлекет кепілдік берген ең төменгі әлеуметтік көмекке айтарлықтай қаржылық үстеменің қосылуы болды.

Төлем 4 міндетті төлемді бір реттік бір төлемге ауыстырады:

- жеке табыс салығы;

- БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарнасы;

- мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік аударымдар (МӘСҚ);

- әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік жарна (ӘМСҚ).

БЖТ екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (мысалы, «Қазпошта» АҚ ) арқылы жалпы сомамен төлеуге жатады. Төлемді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банктік шотына аудару керек. Бұдан әрі Мемлекеттік корпорация төлемді жеке табыс салығы (ЖТС) және әлеуметтік төлемдер түрінде бөледі, содан кейін жеке табыс салығын өңірлік бюджетке, ал әлеуметтік төлемдерді  БЖЗҚ мен МӘСҚ және ӘМСҚ-ға аударады.

БЖТ төлеушілер салық есептілігін бермейді. Қызметтің басталуын тіркеу (хабарлау) және Қызметті тоқтата тұру (тоқтату) туралы өтініш талап етілмейді. Жеке тұлға БЖТ төлемін жүзеге асырған күннен бастап БЖТ төлеуші болып танылады. Төлемді тоқтату жеке тұлғаның бұдан былай БЖТ төлеушісі болып табылмайтынын білдіреді.

  • Мен оқуымды бітіргеннен кейін алғаш рет жұмысқа тұрғалы жатырмын. Маған БЖЗҚ-да жеке шотымды қалай ашуға болады? 

Қазір БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу үшін жеке тұлғаға өтінішін ресімдеу мақсатында Қорға келудің қажеті жоқ. Шот БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады.

Бұл ретте жеке тұлғаны сәйкестендіру зейнетақы жарнасын аудару кезінде (сіздің жұмыс берушіңіз жіберген) төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады. Ал БЖЗҚ қолданыстағы құжаттың деректемелері туралы барлық қажетті мәліметтерді Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.

  • Жаңалықтардан түрлі экономистердің пікірінше, пандемия салдарынан бүкіл әлемде қаржылық тоқырау орын алады деп оқыған едім. Мен өз жинағым үшін алаңдап жүрмін. Қартайған шағымда қалтамда азын-аулақ тиын-тебенмен ғана қалғым келмейді. Айтыңыздаршы, салымдардың сақталуына біреу кепілдік бере ала ма?

Уайымдауға еш негіз жоқ, себебі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекет алушыларға БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) зейнетақы жасына жеткен кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген жарналар мөлшерінде сақталуына кепілдік береді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан зейнетке шығу кезіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел болып табылады. Мемлекеттік кепілдікті төлеу (инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен біржолғы төлемді білдіреді. Салымшылар мемлекет кепілдігі бойынша төлем алу құқығын зейнеткерлік жасқа толған кезде алады. Сонымен қатар  бұл құқыққа егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, І және ІІ топтағы мүгедектер, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен адамдар, МЗЖ, МКЗЖ аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, мемлекет кепілдігі бойынша  төлем алуға  құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлері  ие.