
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық – бекем бірлік біздің баға жетпес байлығымыз болып табылады.
Еліміздегі қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, әлеумет ілгері басып келеді. Қоғамда тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуы елімізде демократиялық мемлекет құруға және алға өрлеуге зор ықпал етуде. Бүгінде елімізде 130-дан астам, ал ауданымызда 12 түрлі этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің басты байлығымыз. Бұл жетістіктерді бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады. Тамыры терең, тарихы кенен, қойнауы шежіреге толы жалағаштықтардың қай кезде де ел бірлігі мен ұрпақ саулығы, ұлт амандығы жолында атқарған жарқын істері көпке үлгі. Бұл сынақты да бірге еңсеріп, жеңіп шығамыз деп сенемін!
Қадірлі жерлестер! Достық пен татулық, ынтымақ пен бірлік мерекесінде Сіздерге зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін. Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ырыс-несібесі арта берсін!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметпен,
аудан әкімі А.Шаменов