Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Халықаралық қарттар күніне орай Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Гүлзат Құрманбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожатай Құлмахан Жалағаш кенті Дәуімбай елді мекенінде тұратын Бибайша Қайырбаева әжейді мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Иығына ақ орамал жауып, батасын алды.

Бибайша әжейдің жасы 103-те. Тыл ардагері. Жастайынан қажырлы еңбек етіп, бүгінде ардақты ана, аяулы әже атанып отырған ғасыр ана.

Аудан басшысы бастаған азаматтар сондай-ақ кенттегі Мыңбай Байтынов ақсақалдың шаңырағында болып, мерейлі мерекемен құттықтады.

Сондай-ақ ақ жаулықты әже Балыш Омарова әжейдің шаңырағына ат басын бұрып, мерекелік сый-сияпат жасалды.

Аудан әкімі Қарттар күніне орай ардагер журналист-жазушы, ауданның Құрметті азаматы Шыңғыс Айбосыновтың үйінде болып, қарттар күнімен құттықтады.

- Қазақта “Қариясы бар үйдің қазынасы бар” деген қанатты сөз бар. Сіздер қазынасыздар. Ел үшін жасаған еңбектеріңіз орасан. Кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге. Алланың берген жасын жасаңыздар. Біз Сіздермен мақтанамыз, марқаямыз, - деді аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы