Билер кеңесінің отырысы өтті

Билер кеңесінің отырысы өтті

Ауданымызға жұмыс сапарымен ауданда құрылған Билер кеңесінің жұмысымен танысу және кеңес жұмысын жандандыру мақсатында Қызылорда облысында құрылған «Билер кеңесінің» төрағасы, доғарыстағы судья Зейнулла Нұрсейітов және облыстық билер кеңесінің мүшелері Барлыбай Биманов, Болатбек Пұсырманов келді.

Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбеттің төрағалығымен ауданда құрылған билер кеңесінің мүшелерімен кеңес отырысы өтті.

Кеңес отырысында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қызылорда облыстық билер кеңесінің төрағасы Зейнулла Нұрсейітов, аудандағы билер кеңесінің жұмысы туралы аудандық билер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов хабарлама жасады.

Айта кету керек, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен 167 жеке тұлғадан өтініш келіп түскен. Оның негізгілері жұмыспен қамту, жер және әлеуметтік мәселелер.

2019 жылы қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығын сақтау, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, құқықтық сана мен құқықтық сауаттылықты арттыру, ел тұрғындарының жасампаздық қызметі үшін елдегі медиация мәдениетін дамытуға жағдай жасау бойынша бірлескен және өзара келісілген іс-қимылдарды жүзеге асыру жөнінде Жалағаш аудандық соты мен Жалағаш ауданы әкімі ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, ауданда билер кеңесі құрылған болатын.