Аудан әкімі Асылбек Шаменов мәдениет саласы қызметкерлерімен еркін форматта кездесіп, ұсыныстарын тыңдады

Аудан әкімі Асылбек Шаменов мәдениет саласы қызметкерлерімен еркін форматта кездесіп, ұсыныстарын тыңдады

Аудан әкімі Асылбек Шаменов аудандық тарихи-өлкетану мұражайында мәдениет саласы қызметкерлерімен еркін форматта кездесіп, сала қызметкерлерінің, ардагерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

- Көп нәрсеге шектеу қойылып, көрерменсіз концерт өткізіп, офлайннан онлайнға ауысқан кезең болса да аудандағы мәдениет саласында жеткен жетістіктер, бағындырған белестер жетерлік.

Сондықтан да саланы одан әрі дамыту, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану арқылы туындаған мәселелерді бірлесе шешу бағытында бүгін Сіздермен еркін форматта кездесіп отырмын.

Осы бас қосуымызда пікірімізді, ұсынысымызды айтайық, бірге шешімін табайық. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесе жұмыс жасасақ, алынбайтын қамал жоқ, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Қабылдауда Мәдениет және өнерді дамыту орталығы жанындағы «Жас Адырна» айтыскерлер үйірмесінің жетекшісі Мамыр Байдаулетов республикалық поэзия фестивалін ұйымдастыру және солтүстік өңірлермен тәжірибе алмасу, байланыс орнату секілді ұсыныстарын білдірсе, Аққұм ауылдық клубының басшысы Гүлжайна Айтжанова кейбір ауылдардағы клубтарда аппарат жетіспеушілігі орын алып отырғандығын, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанындағы «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің балетмейстері Үміт Айтқұлова ұжымдық би топтарының, оркестрлердің республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінсе деген ұсынысын жеткізді.

Аудан әкімі Асылбек Шаменов айтылған ұсыныстарға қолдау білдіретінін, алдағы уақытта тікелей өзінің бақылауында болатынын жеткізді.