Бүгін аудан мектептерінде алғаш рет мектеп партасына отыратын бүлдіршіндерге «Әліппе» оқулығы табысталды.
Аудан әкімі Асылбек Шаменов З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте 1 қыркүйек – Білім күніне орай 1 сынып оқушыларына салтанатты түрде «Әліппе» оқулығын тапсыру салтанатына қатысты.
- Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес бүгінгі салтанатты жиынымыз 1-сыныпқа қабылданғалы тұрған кішкентай балаларымызға арналып отыр. Балаларымыз қолдарына «Әліппе» оқулығын алып, білім кеңістігіне енуге қадам басқалы тұр.
Ендеше биыл мектеп табалдырығын аттағалы тұрған 716 балалардың қадамдарына сәттілік тілеймін. Аудан абыройын өз білімімен асқақтатып, жеткен жетістіктерімен баршамызды қуантып жүрген аға – әпкелерінің жолын берсін, - деді аудан басшысы Асылбек Өмірбекұлы құттықтау сөзінде.
Сонымен қатар ата-аналар мен ұстаздарға балалардың барлық сақтық шараларын сақтануына баса назар аудару қажеттігін айтты.
Салтанатты шарада «Әліппе» оқулығы салтанатты түрде табысталып, алғашқы қоңырау соғылды.
Аудан әкімі мектеп фойесінде орналасқан оқушылар жетістігіне арналған көрмемен танысып, 11 сынып оқушыларымен кездесті.
Айта кету керек, биыл ауданда 716 оқушы 1 сыныпқа барып, 7 мыңнан астам бала білім алады.