Үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарында 89 жоғары білімді дәрігер, 440 орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс жасауда.

Бүгін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Аудан әкімі Асылбек Шаменов денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданның медицина саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

- Ауданымыздан жыл сайын ота жасату үшін тұрғындар еліміздің ірі қалаларына, облыс орталығына баруға мәжбүр болатын. Міне енді, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған аудандық аурухананың ашылуы бұл мәселенің түбегейлі шешілуіне мүмкіндік берді. Аудандық ауруханада қазіргі таңда күрделі оталар жасалуда. Сөзіміздің дәлелі ретінде кеше ғана өт тас ауруымен ауыратын 4 науқасқа облыс орталығынан арнайы мамандардың, ауданның білікті дәрігерлерінің қатысуымен сәтті ота жасалды. Бұл аудан тұрғындары үшін де, біз үшін де қуанышты жаңалық.

Салтанатты жиында ауданның үздік медицина саласының қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Айта кету керек, қазіргі таңда аудан халқына – аудандық орталық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 1 аудандық емхана, 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік - акушерлік бекет, 3 медициналық бекет медициналық қызмет көрсетеді.