Бүгін аудандағы мектептерде соңғы қоңырау салтанаты карантин талаптарына сай бітіруші түлектердің, ұстаздардың қатысуымен өткізілді.
әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде өткізілген "Мектебіме құрметім, жүрегімде тұр менің" атты салтанатты шараға аудан әкімі Асылбек Шаменов қатысып, бітіруші түлектерге сәт сапар тіледі.
- Сіздердің мектеп бітіріп, қолдарыңызға аттестат алып, қияға қанат қаққан айтулы жылдарыңыз еліміз үшін ең маңызды, мерейлі жыл - ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуі де зор қуаныш, ұмытылмас оқиға. Сіздер - Тәуелсіздіктің түлектерісіздер. әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейін биылғы жылы 39 оқушы бітіреді. Бұл мектеп - жыл сайын үздіксіз Аудан әкімінің арнайы номинациясын жеңіп алып отырады. Бұл – зор мақтаныш және үлкен жауапкершілік. Сіздер жеткен жетістіктеріңізбен ауданның білім саласының, мектептеріңіздің беделінің артуына өзіндік үлестеріңізді қостыңыздар. Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз елдің жастары Сіздер. Сондықтан да жауапкершілікті терең сезініп, әрқашан сенім биігінен шыға білулеріңізге тілектеспін, - деді Асылбек Өмірбекұлы құттықтау сөзінде.
Салтанатты жиынға аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева, ардагер ұстаздар, ата-аналар қатысып, ізгі тілектерін, жылы лебіздерін білдірді.
Шара барысында "Мұрагер" ансамблі қазақ күйлерінен попурри орындап, "Аманат" тапсыру, "Білім кілтін" тапсыру рәсімдері өтіп, жыл үздіктері марапатталды. Мектеп түлектері вальс билеп, соңғы қоңырау соғылды. Бітіруші түлектер аудан әкімімен бірге "Тілек шарын" ұшырды.
Айта кету керек, биылғы оқу жылында ауданымызда 321 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде аудан бойынша 36 оқушы «Алтын белгі», 13 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. #Жалағаш ауданынан жалпы 295 бітіруші түлек Жосалы кентінде және Қызылорда қаласында орналасқан тестілеу пунктінде мамыр - маусым айларында 2 рет тест тапсырады.