Аудан әкімі Асылбек Шаменов 1 мамыр – Қазахстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай аудандағы түрлі этнос өкілдерін қабылдады

Аудан әкімі Асылбек Шаменов 1 мамыр – Қазахстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай аудандағы түрлі этнос өкілдерін қабылдады

Бүгін аудандық ардагерлер кеңесінің және аудандық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай аудан әкімінің кездесуі өткізілді. Аудан әкімі Асылбек Шаменов аудандағы түрлі этнос өкілдерін қабылдап, айтулы мерекемен құттықтады.

- Баршаңызды берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың, достық пен келісімнің мейрамы 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күні біз баға жетпес байлығымызды – туған ел игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз.

Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, 30 жылдық тарихы бар іргелі мемлекет атандық, - дей келе,

- Сыр өңіріндегі ырысы артып, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі көпке үлгі болған мекеннің бірі – Жалағаш ауданында 15-ке жуық этнос өкілдерінен құралған 355 адам берекелі бірлік пен тату тірлікте өмір сүруде. Ауданда біршама үкіметтік емес ұйымдардар этнос өкілдерімен бірлесіп жұмыс жасап, шаралар өткізіп келеді, - деді аудан басшысы құттықтау сөзінде.

Кездесуде аудан басшысы құрылыс саласының ардагері Юлия Жилкинаны 80 жас мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.

Ардагер құрылысшыға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев те арнайы құттықтау, сый-сыяпат табыстады.

Кездесуде көп балалы ана Айзан Шарипова, Бұқарбай батыр ауылының тумасы, қазақ баласына тұрмысқа шыққан украин ұлтының өкілі, аудандық жұқпалы аурулар ауруханасының медбикесі Виолетта Бондаренко сөз сөйлеп, қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған қазақ халқына алғыстарын білдіріп, қазақша ән шырқады.

Шара соңында аудандық ардагерлер және аудандық әйелдер кеңесінің қатысушыларға арнайы дайындаған мерекелік ықылас гүлі мен арнайы сыйлықтары табысталды.