Аудан көлеміндегі қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға азайған

Аудан көлеміндегі қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға азайған

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық полиция бөлімінің 2020 жылғы аудан көлемінде жалпы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарының барысы туралы есебін тыңдау үшін жиналыс өткізілді.

Жиынға аудан әкімі Асылбек Шаменов, Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан, аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, қоғамдық кеңес мүшелері, мекеме басшылары қатысты.

Аудан әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен өткен жиналыста күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ағаділов, Ақсу ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Жасұлан Бекетов хабарлама жасады.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ағаділов аудан көлемінде жалпы құқық бұзушылықтардың және мал ұрлығының алдын алу, оны болдырмау бағытында атқарылып жатқан шаралары туралы айтып өтсе, Ақсу ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Жасұлан Бекетов қадағалау аймағы бойынша құқық бұзушылық профилактикасы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды.

Жиында сөз алған облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов жол көлік оқиғаларының алдын алу үшін камераларды көбейтіп, мал ұрлығын болдырмау мақсатында малдың санағын жүргізу керек деп өз ұсынысын айтты.

Жиын барысында облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан сөз сөйлеп, аудан көлемінде тіркелген қылмыстар бойынша жүйелі жұмыстарды ұйымдастыруды, тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтары қорғалуы жөнінде аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ағаділовке тапсырмалар жүктеді.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Асылбек Шаменов алдағы уақытта құқық бұзушылықтың алдын алу мен болдырмау мақсатында бірлескен жұмыстар атқарылатынын жеткізді.