Наурыз біздің ұлттық болмысымызды айшықтайтын, ықылым заманнан бері келе жатқан халықтық салт-дәстүрлерімізді ұлағаттайтын, қастерлейтін, насихаттайтын мереке. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай бүгін Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Бақ берекем – Әз Наурыз» атты келіндер сайысы өткізілді. Сайыстың басты мақсаты – қазақ халқының келінге қатысты ежелден келе жатқан салт-дәстүр, қағидаттарын жаңғырту, әр әулеттің алтын қазығы келіннің ұлт болашағы үшін салиқалы, салмақты орнын айқынду, насихаттау. Қазақ қыздарының бойына ұлттық тәрбие мен мәдениетті сіңіріп, әйелге тән нәзіктік пен мейірімділікке баулу.
Сайысқа тек қазақтың ғана емес, аудандағы қазақ халқымен бірлігі жарасқан басқа ұлт өкілдерінің де келіндері қатысты.
Келіндер сайысына «Жалағаш Достық мекені» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Мирман бастаған қазылар алқасы сарапшылық жасады. Сондай-ақ көп балалы зейнеткер ана Сафура Әбсаттарова қатысты.Сайыс төрт кезең бойынша өткізілді. Әр келін «Тегін білу-тектілік» кезеңі бойынша өздерін таныстырып, өз ұлтының ұлттық тағамдарын дайындап, қазақтың салт-дәстүрін көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Сайыс қорытындысымен Дина Мирманқызы сөз кезегін алып, сайысты қорытындылап, қатысушы келіндерімізді марапаттады. Атап айтар болсақ А. Төлеуова І орын, З. Есімова ІІ орын, М. Асалаева ІІІ орын және В. Савинцева "Инабатты келін" номинациясын иеленді.
Қазақ халқында келіннің орны қашанда ерекше. Бүгінгі төрімізде отырған қызымыз ертең бір азаматтың жары, бір әулеттің келіні, болашақ ана. Сондықтан әрбір қазақ қызы өз шаңырағының бақыты болсын дейміз. Сол үшін қыздарымызды аялайық!