«Дала күні – 2026»: Жалағашта күрішке алғашқы орақ түсті

«Дала күні – 2026»: Жалағашта күрішке алғашқы орақ түсті

Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтің қатысуымен «Жігер» шаруа қожалығында «Дала күні – 2026» шарасы аясында күрішке алғашқы орақ түсу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, шаруа қожалықтарының төрағалары мен сала мамандары қатысты.

Алғашқы орақ салу рәсімінде аудан әкімі Ардақ Ибраимов, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Сұлтанбек Тәуіпбаев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев сөз сөйлеп, диқандарды егін орағының басталуымен құттықтады.

Аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы маңызына тоқталып, диқандардың тынымсыз еңбегін атап өтті.

«Егін егіп, елдің несібесін еселеп жүрген барша еңбек адамдарына алғысымды білдіремін. Биыл да жалағаштық диқандарымыздың маңдай терімен мол өнім алып, қамбамызды астыққа толтыратынына сенемін. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында ауыл шаруашылығы саласының орны ерекше. Сондықтан егін шаруашылығын дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және жердің берекесін тиімді пайдалану – басты міндеттеріміздің бірі. Барша шаруаларға мол өнім, еңбектеріне ырыс-береке тілеймін. Қамбамыз астыққа толып, әр шаңыраққа құт-береке әкелсін!» – деді А.Ибраимов.

Шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен қазақ күресінен сайыс ұйымдастырылды.

Айта кетейік, биыл Жалағаш ауданы бойынша 41 864 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 16 618 гектарға күріш, 627 гектарға бидай, 2 684 гектарға мақсары, 50 гектарға арпа, 5 гектарға сұлы, 162 гектарға соя, 5 021 гектарға дәндік жүгері, 371 гектарға қант құмайы, 5 436 гектарға жаңа жоңышқа, 8 225 гектарға ескі жоңышқа, 250 гектарға картоп, 1 115 гектарға көкөніс және 1 300 гектарға бақша дақылдары егілді.