
Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов белгіленбеген орындарда суға түсудің алдын алу, қайғылы жағдайларға жол бермеу және су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып жатқан рейдтік шаралармен танысып, жауапты сала мамандарына қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
«Адамның өмірі бәрінен қымбат. Сондықтан су айдындарында қайғылы жағдайлардың алдын алып, суға түсу маусымы аяқталғанша мамандар күшейтілген режимде жұмыс жасап, азаматтардың белгіленбеген орындарға шомылуына жол бермеуі тиіс. «Су – тілсіз жау» деп бекер айтпаған. Сондықтан сақтық шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуі керек», – деді А.Ибраимов.
Айта кетейік, су айдындарында рейдтік шаралар суға түсу маусымы басталғаннан бері тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, белгіленбеген орындарда суға түсуге жол бермеу мақсатында кезекшілік ұйымдастырылған. Сонымен қатар, суға түсуге тыйым салынған орындарға арнайы ескерту тақтайшалары орнатылып, қауіпсіздік талаптары көрсетілген.
Аудан әкімі жауапты сала мамандарына судағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды және рейдтік шараларды күшейтуді тапсырды.