Балалар мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды

Балалар мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды

Бүгін орталық алаңда аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың қатысуымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.

Мерекелік шараға аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, ата-аналар мен аудан тұрғындары қатысып, балалардың құрметіне арналған концерттік бағдарламаны бірге тамашалады.

Шара аясында аудан әкімі алдымен «Бояулар сыры» атты жас суретшілердің шығармашылық көрмесін, сондай-ақ «Дарындылар алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылған спорттық және білім сайыстары жеңімпаздарының көрмесін аралап көрді. Бүлдіршіндердің қолөнер және бейнелеу өнері бағытындағы туындыларымен танысып, олардың шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді.

Одан әрі аудан әкімі мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалап, жиналған көпшілікті Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.

"Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!

1 маусым – балалар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де ерекше мереке. Себебі әрбір ата-ана үшін баласының шат күлкісі мен кіршіксіз қуанышынан асқан бақыт жоқ.

Біз – «Бар жақсыны балаға» дейтін халықпыз. Сондықтан бүлдіршіндерімізге барлық мүмкіндікті жасап, сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында әрдайым аянбай еңбек етеміз. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде балалардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына және қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өйткені балалар – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі.

Баршаңызға көтеріңкі көңіл-күй, зор денсаулық және шалқар шабыт тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Балаларымыздың болашағы жарқын, армандары асқақ болсын!", – деді А.Ибраимов.

Мерекелік шарада аудан әкімі бір топ балаға еліміздің үздік жазғы сауықтыру лагерлеріне жолдамалар табыстады.

Атап айтқанда, Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» сауықтыру лагеріне – 402 балаға, Қызылорда қаласындағы «AI-KERIM» білім беру және сауықтыру орталығына – 83 балаға, Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына – 100 балаға, Алматы қаласындағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық сауықтыру орталығына – 10 балаға, Қонаев қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына – 13 балаға және Түркістан облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына – 56 балаға жолдама берілді.

Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған бұл бастама олардың шығармашылығын шыңдауға, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Одан әрі мерекелік шара өнерлі балалардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Әсем ән мен мың бұралған би, сахналық қойылымдар көрермендерге көтерінкі мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, биыл аудан бойынша жазғы демалыс кезеңінде туристік саяхаттар, тарихи-танымдық экскурсиялар, мәдени-көпшілік және спорттық шаралар ұйымдастырылып, жалпы саны 6352 баланы қамту жоспарлануда.